Ақтөбе облысында 12 адам қаза тапқан ірі жол апатынан аман қалған бес адамның жағдайы белгілі болды. Бұл туралы облыстық әкімдікке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, медициналық мекемеге жеткізілген бес адамның үшеуінің жағдайы – ауыр, екеуінің жағдайы – орташа. Бір адам ауруханаға жатудан бас тартқан.

Жарақат алғандар Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген.

Облыс әкімі Асхат Шахаров жол-көлік оқиғасы болған орынға шыққан.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 23 қазанда Самара – Шымкент автожолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен "ГАЗель" жолаушылар көлігі соқтығысып, салдарынан 12 адам қаза тапты.

Жол апатынан зардап шеккен тағы бес адам медициналық мекемеге жеткізілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз