Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы 1200 орындық жаңа мектептің ашылуы ерекше форматта өтті. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев білім ордасының табалдырығын енді ғана аттаған 1-сынып оқушыларымен бірге ағаш отырғызды.

Бұл игі қадам – жай көгалдандыру ғана емес, терең мағынасы бар символдық бастама. Өңір басшысы бұл туралы өз сөзінде

"Әр жаңа мектеп – ел болашағына жасалған инвестиция. Ал осы мектептің ауласында отырғызылған ағаштар бүлдіршіндермен бірге өсіп, жайқалып, олардың дамуына, тәрбиесіне оң әсер етеді. Бұл дәстүрді жалғастырып, әр жаңа білім ордасының ашылуын осындай экологиялық тәрбиелік іс-шарамен байланыстырамыз", — деп атап өтті.

Жаңа мектеп ауласында отырғызылған көшеттер – бүлдіршіндердің білім жолымен бірге өсіп, тамырын тереңге жайсын деген сеніммен егілді. Бұл – балалар үшін де, қоршаған орта үшін де жылуы мол, өміршең бастама болмақ.