Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобалары қарқынды жүзеге асырылуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Облыста тоғыз ірі жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Осакаров ауданы, Колхозное ауылында мамыр айында басталған су құбырын тарту жұмыстары қараша айында аяқталып, 400 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатын болады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, облыс орталығында Шығыс-5 ауданынан сорғы стансасына дейінгі 7 шақырымдық жаңа су тарту желісі құрылып, Майқұдық, Жаңа қала және Михайловкадағы 200 мыңнан астам тұрғын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Жаңа Тихоновка мен Ескі Тихоновкада да ұзындығы 20 шақырымнан асатын жаңа су құбыры желілері тартылуда. Жобалардың іске қосылуымен 4 мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Қазан айының соңына дейін барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қарашада гидравликалық сынақ пен залалсыздандыру жүргізіледі.

Сонымен қатар, Ақтерек ауылы (Қарқаралы ауданы), Теміртау қаласының бірнеше ауданы, Садовое ауылы (Абай ауданы), Көктеңкөл стансасы және Әлихан ауылы (Шет ауданы) жаңа су құбырларымен қамтылмақ. Барлық жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы жоспарланған.