Қаржы министрі 2025 жылғы 17 қазандағы бұйрығымен салық төлеуші паспортында қамтылатын деректер тізімін, оны қалыптастыру және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру ережелері мен мерзімдерін бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Салық төлеуші паспорты салық органдарымен автоматты түрде қалыптастырылатын және штрих-код түрінде көрсетілетін кәсіпкер субъектісінің ақпараттық картасы болып табылады. Бұл мәліметтер салық құпиясы болып саналмайды.
Салық төлеуші паспортының деректері ай сайын автоматты түрде есептік айдан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей қалыптастырылады және уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органы паспортты қалыптастырылған күннен кейінгі 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыруға тиіс.
Салық төлеуші өз паспортының штрих-кодын ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталы арқылы ала алады. Ол үшін салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін, бақылау-кассалық машинаның тіркеу нөмірін енгізіп, "код жасау" батырмасын басу қажет.
Салық төлеуші паспортында келесі мәліметтер қамтылады:
- жеке кәсіпкердің ЖСН немесе заңды тұлғаның БСН;
- жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауы;
- жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлға басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
- салық төлеушінің мәртебесі (әрекет етуші, салық есептілігін тоқтатқан, әрекетсіз салық төлеушілер тізіміне енгізілген);
- жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға туралы мәліметтердің салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасына енгізілген күні;
- бақылау-кассалық машинаның тіркеу нөмірі;
- бақылау-кассалық машинаны пайдалану орны;
- алкоголь өнімін сақтау және бөлшек саудада өткізуге арналған лицензияның бар-жоғы (өндіріс аумағында жүзеге асырылатын қызметтен басқа).
Бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.