Міндетті экологиялық рұқсатсыз, жануарлардың тушасын жерге көму тәртібін бұза отырып 46 арнайы орын ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келгені анықталды. Бұл жайт топырақ пен жер асты суларының жай-күйіне теріс әсер етіп қана қоймай, эпидемиялық қауіп те төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы облысының табиғат қорғау прокуратурасымен қауіптілігі жоғары эпизоотиялық объектілерді пайдалану кезінде санитарлық-экологиялық заңнаманы жүйелі түрде бұзу фактілері анықталды.

Мәселен, Алматы облысында ұзақ уақыт жұмыс істеп, міндетті экологиялық рұқсатсыз, топырақ пен жер асты суларының жай-күйіне тиісті мониторинг жүргізбей, сондай-ақ жануарларды көму тәртібін бұза отырып, ауыл шаруашылығы жануарларының тушасын ұзақ уақыт бойы жерлеуге арналған 46 арнайы орын бар.

"Тиісті бақылау мен рұқсат құжаттарының болмауы қоршаған ортаның ластану қаупін, жабайы және үй жануарларының эпидемиясын тудырады және халықтың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін", деп нақтылайды өңір прокуратурасы.

Бұл мал қорымдары жергілікті атқарушы органдар мен облыстық ветеринарлық станцияның қарамағында екені анықталды. Осыған байланысты, прокурорлық қадағалау шаралары арқылы Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандары әкімдіктерінің лауазымды тұлғалары, сондай-ақ облыстық ветеринарлық станция басшылығы белгіленген әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта анықталған бұзушылықтарды жою жұмыстары жүргізілуде.

Бұған дейін Түркістан облысында тұрғындар қоқыс пен мал өлексесін тастайтын полигон иісіне тұншығып отырғанын жазғанбыз.