Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов халыққа берілетін несиелердің көлемін шектеу қажеттігін айтты .
«Жеке тұлғаларға берілетін несиені шектеу керек. Несиелеу көлемін көрсететін негізгі көрсеткіш бар, ол биыл 16 пайыз болды. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 30 пайызға жеткен. Демек, биыл несиелердің берілуі екі есеге азайды», – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, несиелеуді шектеу қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау және азаматтардың шамадан тыс қарыз жүктемесіне жол бермеу үшін қажет.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де тұтынушылық кредиттердің санын шектеу үшін жаңа талаптар енгізетінін мәлім еткен. Енді банк несиесін 30 күнге, ал микрокредит төлемін бір күнге кешіктірген азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге шектеу қойылмақ.