Қаржы министрі Мәди Тақиев 2025 жылғы 22 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанның өсіп отырған мемлекеттік қарызына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Депутаттар министрден үкіметтің "мүмкіндігінен тыс өмір сүруді қашан қоятынын" сұрады.
"Бүгінде біздің мемлекеттік қарызымыз 33,5 трлн теңгені құрайды. Егер оны ЖІӨ-мен салыстырсақ, 22,2% деңгейінде. Бұған дейін де айтқанмын, бізде белгіленген шекті деңгей — 32%. Мемлекеттік қарыздың негізгі бөлігі, яғни 76%, ішкі нарықтағы қарыздарымыз. Біз оларды бюджет тапшылығын жабу үшін аламыз. Ал 24% — бұл сыртқы нарықтар, олар халықаралық қаржы ұйымдары арқылы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады", – деді Мәди Тақиев.
Министр сонымен қатар мемлекеттік қарызды азайту бойынша жоспарларымен бөлісті.
"Қарызды азайту мәселесіне келсек, мен өз баяндамамда атап өттім — келесі жылы бюджет тапшылығын 2,5%-ға дейін, ал кейін 0,9%-ға дейін төмендетуді көздеп отырмыз. Тапшылық неғұрлым азайған сайын, қарыз алу қажеттілігі де азаяды. Сол арқылы мемлекеттік қарыз көлемін төмендетеміз. Бұл ретте бюджеттің кіріс бөлімі үлкен рөл атқарады. Жаңа Салық кодексі келесі жылдан бастап күшіне енеді. Оның аясында қосымша кірістер түседі деп күтеміз", – деп толықтырды министр.
Бұған дейін Мәди Тақиев шағын бизнеске ҚҚС-тан босату жағдайында Қазақстан бюджетінің қалай толықтырылатынын түсіндірген еді.
