Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың қарауына елдің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын енгізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Базалық нұсқаға сәйкес, 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,4 пайыз, 3 жылдағы орташа жылдық өсуі 5,3 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етіледі", — деп атап өтті премьер-министрдің орынбасары.
Серік Жұманғарин өз баяндамасында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2 пайыздан 2028 жылы 6,6 пайызға дейін ұлғаятыны болжанып отырғанын атап өтті.
"Үш жылдағы орташа өсім тау-кен өнеркәсібінде – 2,8 пайыз, ауыл шаруашылығында – 3,9 пайыз, құрылыста – 11 пайыз, көлік қызметтерінде – 10,1 пайыз, саудада – 6,7 пайыз болады. Экспорт 2026 жылғы $77,1 млрд-тан 2028 жылы $83,7 млрд-қа дейін, импорт $67,7 млрд-тан $75,2 млрд-қа дейін өседі деп болжануда", — деді вице-премьер.
Бұл ретте инфляция болжамы 2026 жылы 9-11 пайыз, 2027-2028 жылдары орташа 6 пайыз деңгейінде айқындалған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2026-2028 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз