Түркістан облысында білім сапасын арттыру және ұстаздардың кәсіби біліктілігін көтеру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес , мектептердің материалдық базасын нығайту мен білім берудегі жаңашылдықтарға ерекше басымдық беріліп, жауапты басқарма жаңа идеялар мен әдістерді енгізуге күш салуда.

Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «EdCrunch Academy» білім беру институтының негізін қалаушы Нұрлан Қиясовпен кездесу өткізді. Кездесу барысында білім саласындағы маңызды мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды. Оның ішінде Түркістан облысында арнайы жоба іске қосылып, оған 50 мектептің директорлары мен орынбасарлары оқытылмақ. Бұл жобаның мақсаты – ұстаздардың біліктілігін арттырып, білім беруде тың әдістерді үйрету. Сонымен бірге, мектеп басшылары Еуропа елдеріндегі білім беру мекемелерінде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бұл ұсынысты мұқият зерделеп, қолдау көрсетілетінін айтты және екі тарап аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі тереңірек талқылау туралы уағдаласты.

Айта кетерлігі, өңірде 83 мыңнан астам ұстаз жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп, еңбек етіп келеді. Мемлекет басшысының «1000 көшбасшы» жобасы аясында Түркістан облысынан 600-ге жуық ұстаз іріктеліп, олардың 46-сы білім саласында басшылық қызметтерге тағайындалды. Сонымен қатар, «Daryn Teacher» халықаралық жобасы бойынша 25 ұстаз Малайзия, Сингапур, Финляндия және Эстония елдерінде тәжірибе жинақтаған. Осы ізденістердің нәтижесінде облыстың 152 мектебінің түлегі шетелдің беделді жоғары оқу орындарының студенті атануда.

Бұл жобалар мен жетістіктер Түркістан облысының білім саласын дамытудағы жүйелі және жаңашыл бағыттағы ұмтылысының көрінісі болып табылады.