Орынбор зауытына дрон шабуылы салдарынан Қарашығанақтағы өндіріс 30%-ға қысқарды

Украинаның ұшқышсыз дрондармен Ресейдің Орынбор облысындағы газ өңдеу зауытына жасаған соққысынан кейін Қазақстан Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнындағы өндірісті 25–30% деңгейінде қысқартуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Reuters-ке сілтеме жасап.

Дереккөздердің мәліметінше, дүйсенбі күні Қарашығанақтағы өндіріс көлемі әдеттегі тәулігіне 35–35,5 мың тоннадан 25–28 мың тоннаға дейін төмендеген. Мұнай мен газ өндіру өзара тығыз байланысты болғандықтан, газ көлемінің азаюы мұнай өндірісіне де тікелей әсер етті.

Қазақстанның Энергетика министрлігі хабарлағандай, шабуылдан кейін Орынбор газ өңдеу зауыты елімізден газ қабылдауды уақытша тоқтатқан. Осыған байланысты Қарашығанақ кен орнында өндіріс көлемі бақылаумен төмендетілді.

Ведомство бұл жағдайдың ішкі нарықтағы газ жеткізілімдеріне әсер етпейтінін атап өтті.

Министрлік мәліметінше, елдің газдандырылған өңірлерін, соның ішінде Астананы газбен қамту жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.