Премьер-министр Олжас Бектенов жеке деректердің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдату керек деп санайды. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Деректер базасынан азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдату керек. Мұндай талап мемлекеттік органдармен қатар қаржы ұйымдарына, мобильді операторлар мен жеке бизнеске де қатысты болуға тиіс», – деді Бектенов.
Оның айтуынша, қазір елімізде телефон және интернет-алаяқтық жағдайлары көбейіп жатыр. Олардың дені шетелдік нөмірлердің және ұлттық жүйемізде тіркелмеген құрылғылардың көмегімен жасалады.
«Сондықтан Жасанды интеллект және Ішкі істер министрліктері осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарын күшейтуі қажет. Балалардың цифрлық кеңістікте қорғалуын қамтамасыз ету үшін sim kids жобасының тәжірибесін кеңінен тарату керек», – деді Үкімет басшысы.