Астана қаласының прокуратурасы инвесторларды мемлекеттік органдар тарапынан болатын негізсіз қысымнан қорғау жұмысын жалғастырып келеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Инвесторларды қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі – "прокурорлық сүзгі". Бұл механизмге сәйкес, мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты тексеру тағайындауы, тыйым салу немесе шектеу шараларын енгізуі, әкімшілік іс қозғауы немесе талап арыз беруге дейінгі шешімдері прокурордың келісімінсіз жүзеге аспайды.

Жыл басынан бері қалалық прокуратура мемлекеттік органдардың 34 шешімін келісуден бас тартқан. Оның ішінде 5 заңсыз тексеру, 6 әкімшілік іс қозғау әрекеті және 23 шартты біржақты бұзу фактісі анықталды.

Мәселен, уәкілетті орган прокурордың келісімінсіз "Astana IT University" ЖШС-на қатысты тексеріс бастаған. Прокуратура бұл шешімді жойып, жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, прокурордың келісімінсіз қозғалған 8 әкімшілік іс прокуратура наразылығы бойынша күшін жойды.

Мұндай шаралар инвесторлар үшін қауіпсіз және тұрақты іскерлік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Прокуратура бизнесті қорғау бағытындағы жұмысын жалғастыруда.