Алматылық “Қайрат” қорғаушысы Еркін Тапалов баспасөз конференциясында алдағы Чемпиондар лигасы матчы алдындағы билет сату көрсеткішінің төмендігіне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ертең “Қайрат” Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің үшінші турында Алматының Орталық стадионында Кипрдің “Пафос” клубын қабылдайды. Ойынға арналған ең арзан билет – 30 мың теңге, ең қымбаты – 250 мың теңге тұрады. Испанияның “Реалына” қарсы өткен матчпен салыстырғанда билет бағасы өскенімен, сатылым қарқыны төмен. Дүйсенбі күнгі жағдай бойынша трибуналардың едәуір бөлігі әлі бос тұр.
Көңіл-күй жақсы, жеңіске жету үшін 100 пайыз дайынбыз. Көрермен саны біздің ойынымызға әсер етпейді. Қандай қолдау болса да, біз жеңіс үшін ойнаймыз. Биылғы Чемпиондар лигасында тарих жазып, жеңіс әкелгіміз келеді. Әрине, бізді шын қолдайтын, шынайы жанкүйерлер болады деп ойлаймын. Соларға көп рақмет айтамын, қолдау білдіретіндеріне қуаныштымыз, – деді Тапалов.
Сондай-ақ “Қайрат” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин де билет бағасына қатысты сұраққа жауап берді. Қазақстандық маман бұл мәселе клуб басшылығының құзырында екенін атап өтті.
Шынымды айтсам, бұл менің құзыретіме кірмейді. Мен билеттерге де, олардың бағасына да жауап бермеймін. Бұл сұрақты клуб басшылығына немесе осы іспен айналысатын адамдарға қойған дұрыс. Менде ол туралы нақты ақпарат жоқ, – деді Уразбахтин.
Айта кетейік, “Қайрат” пен “Пафос” арасындағы матч ертең Алматыдағы “Орталық стадионда” 21:45-те басталады.