Шымкентте 2025 жылдың 29 қазаны мен 5 қарашасы аралығында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау басталады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, өтінімді әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері тізіліміне тіркелген кәсіпкерлер және "Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасының финалистері бере алады. Өтінім kezekte.kz порталында қабылданады.

Өтінім беру тәртібі:

  • ЭЦҚ арқылы kezekte.kz электронды порталына тіркелу;
  • Пайдаланушы келісіміне қол қою;
  • Бизнес-жоспар үлгісін жасау;
  • Өтінім жіберу.

Мемлекеттік грант мынадай мақсаттарға беріледі:

1) тауар шығару немесе қызмет көрсетуге қажет негізгі құралдарды (негізгі құралдарды салу/жаңғырту /реконструкциялау/күрделі жөндеу), шикізат пен материалдар сатып алу;

2) материалдық емес активтерді сатып алу;

3) технология сатып алу;

4) кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзингке) құқық сатып алу;

5) зерттеу жұмыстары және (немесе) жаңа технологияларды енгізу шығындары.

Грант иегерлерін комиссия мүшелері іріктейді. Үміткер жобасын осы комиссия алдында қорғайды.

Бағалау критерийлері:

  • Жобаның әлеуметтік бағдарлануы;
  • Бизнес-жобаның тиімділігі;
  • Жобаның дайындық деңгейі;
  • Жеке инфрақұрылымының болуы;
  • Жобаның бәсекеге қабілеттілігі;
  • Жобаның экономикалық тиімділігі;
  • Жобаның презентациясы.

"Комиссия шешімі порталдағы жеке кабинетке жіберіледі. Жоба қолдау тапса, келісімшарт жасалып, қаражат кәсіпкердің есеп шотына аударылады", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз