Алматыда Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубында әскери ант беру салтанатты рәсімі өтті. Ант берген әскери қызметшілер қатарында атақты спортшы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова да болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, Алуа Балқыбекова екі алтын медальдің біріншісін биыл наурызда Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында 50 келі салмақ дәрежесінде ұтса, ал екіншісін қыркүйек айында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен жарыста жеңіп алды.

Әскери ант беру оның қызметтік және спорттық мансабындағы маңызды кезең дейді министрлік өкілдері.

"Погон тағып, Қарулы күштер қатарында қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе. Армия орталық спорт клубында қызмет ету спортта дамуға және Қазақстанды беделді халықаралық турнирлерде танытуыма мүмкіндік берді", — деді Алуа Балқыбекова.

Сондай-ақ қазақ күресінен Азия біріншілігінің жүлдегері, республикалық чемпионаттардың екі дүркін жеңімпазы және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бақыт Құсақбаева да әскери ант қабылдады.

Әскери ант бергеннен кейін Алауа Балқыбекова мен Бақыт Құсақбаеваға қатардағы жауынгер әскери атағы берілді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз