Қорғаныс министрлігінде ведомство басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен "Отбасы банк" басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың кездесуі өтті. Бұл туралы министрлік сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кездесуде тараптар әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету және "Әскери баспана" жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламасын қайта жандандыру мәселелерін талқылаған.
Дәурен Қосанов бастапқы жарна мен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынған.
"Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қолжетімділік маңызды. Қазіргі уақытта ондай мүмкіндік жоқ, ал тұрғын үй бағасының өсуінен бастапқы жарна жинау іс жүзінде мүмкін емес", — деді қорғаныс министрі.
Сондай-ақ министр бұрынғыдай екінші деңгейлі нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігін қайтаруды ұсынған. Себебі көптеген әскери қызметші жөндеуден өткен, инфрақұрылымы дамыған, қызмет орнына жақын орналасқан пәтерлерді қалайды.
Кездесу барысында министр Дәурен Қосанов "Баспана.кз" сайтында жарияланған жаңа талаптарға да назар аударған. Олар әскери қызметшілер үшін жалдамалы тұрғын үй рәсімдеуде қосымша қиындықтар туғызып отыр.
Министрдің айтуынша, 15 мыңнан астам әскери қызметші отбасы тұрғын үй төлемдері жүйесі мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде "Әскери баспана" арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартқан.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әскери қызметшілер үшін өзекті тұрғын үй мәселелерін бірлесе шешуге дайын екендігін растаған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз