Ғалымдар «Ер Төстікті» ғұн дәуірінен келе жатқан ертегіге жатқызады. Себебі онда ежелгі түркі мифологиясына тән ұғымдар мол сақталған. Ал Шойынқұлақ, Мыстан кемпір, Кенжекей сынды кейіпкер есімдері – бабаларымыздың ертеден кен игеріп, темір илегенінің мысалы.
Ертегідегі оқиға Сорқұдық деген жерде өтеді. Бұл – Жезқазғанның солтүстігіндегі мекен. Археологтер бұл маңнан қадым заманғы ұсталардың құралдарын тапқан. Ал геолог Қаныш Сәтбаевтың халық ауыз әдебиетін жетік білгені мәлім. Оның қойын дәптерінде мынандай жазу бар: «Мыңшұңқыр. Демек бұл жерде байырғы кен қазба орындары болған. Анықтау керек. Қаратас. Халық ұғымында былай деп темірді емеурін етеді. Жезқазған. Демек жез өндірілген жер деген сөз». Расында да, ғалымның түйсігі алдамапты.