Құлсарыда 7 жасар қызға күш көрсетіп, зорлап, өзенге батырды деген азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында кәмелетке толмаған қызды зорлау (120-баптың 4-бөлігі) және кәмелетке толмаған баланы қасақана өлтіру (99-баптың 3-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қаралды.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың маусымында Құлсары қаласында 7 жасар қыз бала Құрсай өзенінің жағалауында серуендеп жүріп, үйіне қайтып бара жатқанда адасып кеткен. Жолда ер адамды кезіктірген. Алкогольге мас күйде болған ер адам оған үйіне баратын жолды көрсететінін айтып алдаған, өзімен бірге жүруді ұсынған. Осылайша қызды жаңылыстырып, оны өзен жағасына апарып, дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданып, зорлаған. Жасаған қылмысын жасыру мақсатында ол баланы ұрып-соғып, кейін өзенге батырып жіберген.

️"Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, бейнежазбалармен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді. Сот үкімімен У. тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", — делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, биыл 5 маусымда Құлсары қаласында 2018 жылғы қыз бала жоғалып кеткенін хабарлаған едік. Кейін оның денесі каналдан табылған. Баланың өліміне күдікті ретінде 36 жастағы тұрғын ұсталған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз