Тұңғыш президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысының Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты түсіндірме берді.

Ол өз сөзінде соңғы уақытта БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде Сара Назарбаеваның денсаулығы мен қазіргі жағдайына қатысты әртүрлі болжамдар мен шындыққа жанаспайтын ақпараттар таратылып жатқанын айтты.

«Осыған орай ресми түсініктеме беруді жөн деп санаймын: сәуір айынан бері Сара Алпысқызы Назарбаева Алматы қаласындағы Президент Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальде жоспарлы ем қабылдап келеді. Барлық медициналық шара бекітілген стандарттарға сай, отандық мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуда.

БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын Сара Алпысқызының есімін тексерілмеген ақпаратпен байланыстырмауға, негізсіз пайымдар таратуға жол бермеуге шақырамын. Мәліметтерді тек ресми дереккөздерден алуларыңызды сұраймын», – дейді Айдос Үкібай.