Қарағанды облысында көші-қон заңнамасын бұзған бірнеше шетел азаматы ұсталды.
"Заңсыз келуші – 2025" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өңірде көші-қон саласындағы бақылау күшейтілді. Негізгі мақсат – көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз етіп, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.
Патрульдік полиция батальоны көші-қон қызметімен бірлесіп, тексеру жұмыстарын автожолдарда, көлік бекеттерінде және шетел азаматтары жиі жиналатын орындарда жүргізіп жатыр. Әсіресе облыс аумағы арқылы өтетін транзиттік автобустар ерекше бақылауда.
Операцияның алғашқы екі күнінде-ақ жеке басын куәландыратын ешқандай құжаты жоқ сегіз шетел азаматы анықталды. Сонымен қатар ел аумағында болу мерзімін бұзған бір азамат ұсталды.
Қазіргі уақытта көші-қон қызметі заң бұзған тұлғалардың жеке басын анықтау және олардың Қазақстанға кіру мен болу жағдайларын нақтылау бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатыр. Бұл бағытта полицейлер тиісті елдердің консулдықтары мен елшіліктерімен тығыз жұмыс жасауда.
Көші-қон заңнамасын бұзғандарға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады. Полиция тұрғындарды өңірде шетел азаматтарының заңсыз болуы туралы кез келген дерек жайлы дереу хабарлауға шақырады.