Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды мемлекет төлейтін 15 санаттағы адамдар бар. Яғни, бұл адамдар мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда тегін қаралуға құқылы.

Редакция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі бірқатар өзгерістер туралы денсаулық сақтау министрлігі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдаған болатын.

Министрліктің хабарлауынша, МӘМС туралы Заңның 26-бабы 1-тармағына сай, мына 15 түрлі категориядағы азаматтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді.

Ол тізімге мыналар жатады:

  • балалар;
  • жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
  • жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
  • бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі);
  • жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;
  • мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар;
  • бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар;
  • зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар;
  • тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар;
  • жұмыс істемейтін қандастар;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді.

Алайда, үкімет 2025 жылы 29 қыркүйекте № 807 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

«Соған сай, соңғы үш ай бойы міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған және жұмыс істемейтін адамдар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын жергілікті бюджеттен төлеу көзделген», – деп хабарлайды ДСМ өзінің ресми жауабында.