Бүгін рингке 84 боксшы шығады.
14–21 қазан аралығында Семей қаласындағы Abai Arena спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының бокстан чемпионаты өтуде. Турнирге еліміздің 20 өңірінен 371 спортшы қатысуда. Ел біріншілігінің екінші жарыс күнінде өткен жекпе-жектерге тоқтала кетсек.
2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатының басты жаңалықтарының бірі болған Бейбарыс Жексен 1/16 финалда алматылық Алдияр Мелисті 5:0 есебімен жеңді.
Оразбек Асылқұлов ақтөбелік Нұрболат Бекбауовтан басым түсті. Айта кетейік, Асылқұлов 2023 жылы өткен "Странджа" кубогында Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Абдумалик Халоковты жеңіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленген еді.
U-22 санатындағы екі дүркін Азия чемпионы Нұрислам Қалдыбаев та жарысты сенімді бастады. Ол Маңғыстау облысының өкілі Адайбек Ниязбаевты ұтты.
Азия және әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері Серік Теміржанов Түркістан облысынан келген Нұрасыл Түлібекті айқын басымдықпен жеңіп, жарысты сәтті бастады.
Абылайхан Жүсіповтың қарсыласы астаналық Мырзахан Мәуленов болды. Бірінші раундта екі боксшының да бастары түйісіп, жарақат алған соң, төрешілер шешімімен жеңіс Жүсіповке берілді.
Париж-2024 Олимпиадасының қатысушысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Қазақстан чемпионатында жаңа салмақта сәтті дебют жасап, Алматы облысының өкілі Емирхан Шашуевті жеңді.
Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов та ел чемпионатындағы алғашқы кездесуінде сенімді жеңіске жетіп, ринг иесі Нұрахмет Берікболовты ұтты. Семейлік жас боксшы атақты қарсыласынан қаймықпай жұдырықтасты. Бірақ үш раунд бойы оның Сәкенге дәл тигізген соққыларын бір қолдың саусағымен санауға болады
Бүгін, 17 қазанда чемпионаттың үшінші жарыс күні өтеді. Ерлер мен әйелдер арасындағы жарыс екі сессияға бөлініп, барлығы 84 боксшы (42 жұп) рингке шығады. Күндізгі сессия сағат 14:00-де басталып, A және B рингінің алаңдарында 27 жекпе-жек өтеді. Кешкі сессия сағат 18:00-де басталып, 15 кездесу жоспарланған.
Бүгін рингке Қазақстан құрамасының боксшылары Теміртас Жүсіпов, Ерасыл Жақпеков, Санжаралы Бегалиев, Бекзат Алдамжаров, Даниял Сабит, Нұрқанат Райыс, Диас Молжігітов, Сәкен Бибосынов және басқа да спортшылар шығады.
Чемпионат 21 қазанға дейін жалғасады. Нәтижесінде 2026 жылға арналған Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа құрамы жасақталады.