Түркістан облысының Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен өңір аумағында орналасқан жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен мәжіліс өтті. Жиынға Мемлекеттік кірістер департаменті мен Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жер қойнауын пайдаланушылардың мемлекет алдындағы салықтық міндеттемелерін орындау мәселелері қаралды. Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы міндетін атқарушы Қанат Шонбасов өз баяндамасында кейбір компаниялардың салық төлемей отырғанын және бірқатар кәсіпорындардың басқа өңірлерде тіркеліп, салықты сол жақта төлеп жүргенін атап өтті. Бұл жағдай жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің азаюына әкеліп отыр. Осыған байланысты жер қойнауын пайдаланушыларды Түркістан облысында тіркеудің маңыздылығы көтерілді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жиналғандарға салық міндеттемелері мен есептілікті уақытылы тапсыру тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салық төлемеген жағдайда қолданылатын заңнамалық шаралар, соның ішінде айыппұлдар туралы ескертті.
Сонымен қатар, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев жер қойнауын пайдалануға қатысты заң талаптарын түсіндіріп, прокуратура тарапынан заң шеңберінде кеңес беруге және кәсіпорындарға туындаған мәселелерді шешуге қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша барлық жер қойнауын пайдаланушы компанияларға бір ай мерзім ішінде салық төлемдерін өтеу міндеттелді. Сондай-ақ, келесі айдың екінші жартысында атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша кеңейтілген отырыс өткізіліп, көтерілген мәселелер қайта қаралатын болады.
Аталған шараның басты мақсаты – жергілікті бюджет кірістерін арттыру, жер қойнауын тиімді әрі заң аясында пайдалану, сондай-ақ өңірлік экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады.