Қарағандыдағы профессор Хафиз Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың нейрохирургия бөлімінде елімізде тұңғыш үлгідегі миға ота жасайтын робот-хирург жұмысын бастамақ, деп хабарлайды 24.kz.

Құрылғы жергілікті бюджет есебінен сатып алынған және алдағы уақытта ресми түрде іске қосылады. Робот жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Ол миға миллиметрден кіші дәлдікті қажет ететін ең күрделі оталарды жасай алады. Бұл технология дәрігерлерге науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беріп, жылына шамамен 300 ота жасауға жол ашады.

Сонымен қатар робот тек хирургиялық көмекші емес, медициналық деректерді талдайтын интеллектуалды жүйе ретінде де қолданылады. Оның арқасында науқастардың ауруханада жату мерзімі қысқарады, ал оталардың қауіпсіздігі мен тиімділігі артады.

Жаңа техниканы меңгеру үшін Қарағанды дәрігерлері Қытайда арнайы оқудан өтіп, роботтық хирургияның заманауи әдістерін үйреніп келді.

"Бұл робот Паркинсон ауруы, эпилепсия, ми ісіктерін алып тастау сияқты күрделі оталарды жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ота уақыты азайып, жеңіл өтеді. Науқастар жылдам сауығады. Бұрынғыдай ауруханада ұзақ жатпайды", — дейді Х. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз