Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мақсатында өндірушілермен бөлшек сауда бағасын бекіту жөнінде меморандум әзірленіп жатыр.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру және экономиканы тұрақтандыру бағытында нақты шараларды жүзеге асыруда.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын әрі қарай тұрақтандыру үшін берілетін қаржыны екі есе ұлғайтып, тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейту жоспары бар. Аймақтық комиссиялар негізсіз делдалдарды анықтап, бағаны негізсіз көтеретіндерді нарықтан шығару шараларын қабылдайды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ай сайын өңірлерге тікелей сиыр етін жеткізу ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, отандық өндірушілер мен сауда желілері арасында ӘМАТ бойынша бөлшек сауда бағасын бекіту жөнінде меморандум жасалады", - деді Арман Шаққалиев.

Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғасады.