Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) танымал блогер Ерболат Жанабылов пен әйелі Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қозғады.

«Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Тергеу басталды. Іс кеше немесе алдыңғы күні тіркелді», – деді агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенат отырысының кулуарында.

Жеңіс Елемесовтің айтуынша, бұл іс соттың шешімінен кейін Қаржы мониторингі агенттігіне берілген.

«Сот үкім шығарып, материалдар әкімшілік іс жүргізуден кейін бізге жолданды. Сот қылмыстық құрам белгілерін анықтаған. Тергеу мерзімін нақты айту қиын, бірақ шамамен екі айда аяқталады деп ойлаймыз», – деді ол.

Еске салсақ, 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі ауданаралық соты блогерлерге қатысты әкімшілік істі экономикалық қылмыстар жөніндегі тергеу органдарына беруді қаулы еткен болатын.