Мемлекет басшысы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Президентке компанияның биылғы тоғыз айда атқарған қызметінің нәтижелері таныстырылды.

Мейіржан Юсупов әлемдік уран нарығындағы қазіргі жағдай, атом энергетикасын дамыту үрдістері мен бағыттары, сондай-ақ компанияның жаһандық атом индустриясындағы Қазақстанның позициясын одан әрі нығайту жоспарлары туралы мәлімет берді.

Сондай-ақ жасанды интеллект технологиясының қарқынды дамуына және дата-орталықтардың энергия тұтыну көлемі артуына байланысты уранға сұраныс тұрақты түрде өсуі мүмкін екенін айтты.

Бұған қоса, жаңа атом реакторларын жеделдетіп салу әсерінен әлемдік нарықта 2030 жылдан кейін уран тапшылығы сезілуі ықтимал екені айтылды.

Мейіржан Юсупов "Қазатомөнеркәсіп" геологиялық барлау және еліміздің минералдық-шикізат базасын ұлғайту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатқанын баяндады. Бұл Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру аясында атқарылуда. Атап айтқанда, биыл екі жаңа учаскеде жұмыс басталған. Жалпы ауданы мың шаршы шақырымнан асатын алты учаскеде геологиялық барлау жүргізілуде.

Компания сирек кездесетін металдарды өндіру, ғылыми-зерттеу қызметін жандандыру, жасанды интеллект технологиясын енгізу бағыттарын дамытуды жоспарлап отыр.

2025 жылы қыркүйек айында "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының нарықтағы капитализациясы ең жоғары тарихи межеге жетіп, 14 млрд доллардан асты. Компания акцияларының құны IPO-ға шыққалы бері 4,5 еседен аса өсті.

Президент ресурс базасын одан әрі дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ компанияның әлеуметтік маңызы бар бастамаларға белсенді атсалысуына қатысты бірқатар тапсырма берді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз