ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 16 қазанда бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар жайлы жаңартылған статистиканы ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство мәліметінше, бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген.

Биылғы бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
"Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады",- делінген ақпаратта.

Аталған біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 227,9 млрд теңгеге 161,4 мың адам алды, оның ішінде қыркүйек айында 17,2 млрд теңге сомасына 16,7 мың адам алды. 2025 жылдың 9 айында тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 478 563 теңгені құрады.

"Сондай-ақ МӘСҚ-дан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады",- деп мәлімдеді ведомство.

2025 жылдың 9 айында бұл төлем 324,1 млрд теңгеге 189,4 мың адамға тағайындалды. Оның ішінде төлем қыркүйек айында 19 мың алушыға тағайындалды, төлемнің сомасы қыркүйек айында 34,8 млрд теңгені құрады. 9 айдағы төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 87 035 теңге.

Бұған дейін БҚО студенттерінің ата-аналарын интернет алаяқтарынан сақтануға шақырғанын жазғанбыз.