УЕФА талаптарының қатаң сақталуы — ел футболының беделі мен имиджі үшін маңызды.
Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) Қазақстан футбол федерациясына (ҚФФ) қыркүйек айындағы ойындардың нәтижесі бойынша айыппұл салды.
Мұндай шешім Қазақстан жастар құрамасы (U-21) мен Англия командасы арасындағы Еуропа чемпионаты-2027 іріктеу кезеңіндегі матчқа қатысты шығарылған. Айта кетейік, бұл кездесу 8 қыркүйекте Ақтөбе қаласында өткен болатын.
УЕФА-ның тәртіптік комитеті ҚФФ-ны екі тармақ бойынша кінәлі деп таныды. Біріншісі – жанкүйерлердің алаңға шығуы (1 250 еуро айыппұл), екіншісі – матчтың уақытында басталмауы (7 500 еуро айыппұл). Нәтижесінде, жалпы айыппұл көлемі 8 750 еуро немесе шамамен 5,5 миллион теңгені құрады.
Естеріңізге сала кетсек, Ақтөбеде өткен ойын 2:0 есебімен Англия құрамасының жеңісімен аяқталды. Қонақтар сапында Итан Нванери мен Джоб Беллингем көзге түсті. Джоб Мадридтің әйгілі "Реал" клубында және Англия ұлттық құрамасында ойнайтын Джуд Беллингемнің туған інісі.