Еліміздің алты өңірінде — Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында — ауыл шаруашылығы өнімдерін ұрлаудың алдын алу және жолын кесу мақсатында "Егін" жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр.

Іс-шара 12 қыркүйектен басталған. Оның мақсаты — биылғы жылғы өнімнің сақталуын қамтамасыз ету, ұрлық фактілерін анықтау және алдын алу.

Полиция тәулік бойы кезекшілік атқаратын 55 жылжымалы топ құрды. Тексеру барысында 2 мыңға жуық астық сақтау және өңдеу нысандары, сондай-ақ 1100-ден астам көлік пен арнайы техника қаралды.

Тексеру нәтижесінде астық ұрлығының сегіз дерегі әшкереленді.

Тәркіленген мүлік көлемі:

  • 141 тоннадан астам ұрланған астық,
  • 175 келіге жуық өзге дәнді дақылдар,
  • 200 литрден астам жанармай,
  • ауыл шаруашылығы техникасына тиесілі 15 қосалқы бөлшек.

Сонымен қатар, полиция төрт қылмыстық топтың әрекетін тоқтатып, 18 адамды ұстады.

Құқық қорғау органдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша бақылауды егін жинау науқаны толық аяқталғанға дейін күшейтетінін мәлімдеді.