Қостанайда елден шығару туралы сот шешімін орындамай, бірнеше ай бойы құқық қорғау органдарынан жасырынған шетелдік азамат ұсталды.
Қостанай облысында көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтау және олардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу мақсатында "Заңсыз келуші – 2025" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.
Бар болғаны екі күн ішінде полицейлер 100-ден астам көші-қон заңнамасын бұзу дерегін анықтаған. Оның ішінде:
- 76 шетел азаматы – Қазақстанда болу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған;
- 25 қазақстандық – өздерімен бірге шетелдіктердің тұрып жатқандығы туралы ішкі істер органдарына хабарламаған;
- 7 жұмыс беруші – шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылған.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, тексеріс кезінде басым назар тұрғын үй алқаптарына, жатақханалар мен саяжай үйлеріне аударылған. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күші пайдаланылуы мүмкін шалғай ауылдық аймақтарда — шаруа қожалықтарында, егіс алқаптарында және мал жайылымдарында бақылау күшейтілген.
Іс-шара барысында облыс орталығында көрші мемлекеттің 24 жастағы азаматы ұсталды. Ол биылғы сәуір айынан бері соттың елден шығару туралы шешімін орындамай, полициядан жасырынып келген. 13 қазан күні полицейлер оның нақты мекенжайын анықтап, ұстап, Қостанай қаласының арнайы қабылдау орнына жеткізді.
Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының шешімімен оған 30 тәулікке еркін жүріп-тұру құқығын шектеу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, кейін оны елден мәжбүрлеп шығару көзделген.
Қазіргі уақытта шетелдік азамат сот шешімінің орындалуын және полиция қызметкерлерінің оны мемлекеттік шекараға дейін ілесіп жеткізуін күтуде.
Айта кетейік, "Заңсыз келуші – 2025" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 13–17 қазан аралығында өтуде және оның негізгі мақсаты — көші-қон бақылауын күшейту, заңсыз мигранттарды анықтау және еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу.