15 қазан күні Мәжілісте "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заң жобасын талқылау барысында депутат Ринат Зайыт жаңа нормалардың өнер мен халық шығармашылығына әсер етуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, көркем туынды мен құқыққа қайшы контенттің ара-жігін нақты ажырату маңызды. Әйтпесе шығармашылық еркіндік шектеліп, мәдени мұраға нұқсан келуі мүмкін.

"Қанат Жұмабаевич, мен бір ғана нәрсені білгім келеді. Өнер туындысы деген ұғым бар. Иә, балағат сөз айтуға болмайды, оған келісемін. Бірақ ертең халық әндеріндегі кейбір сюжеттер үшін де адамдарды соттай бастамаймыз ба? Мысалы, "сүйсең мені шын сүйсең, ертең кешке қашуға дайын бол" деген халық әні бар. Онда да қыз алып қашу айтылады. Сондықтан сұрағым — бұл сараптаманы кім жүргізеді және олардың құзыреті бар ма? Екіншіден, көркем шығармаларды қалай қорғаймыз? Ертең фольклордан айырылып қалмаймыз ба?", — деді Ринат Зайыт.

Өз кезегінде мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Қазақстан Конституциясына сәйкес елде цензураға тыйым салынғанын еске салды.

"Шығармашылық еркіндік заңға қайшы келмесе, керісінше, қолдау табады. Сараптаманы құқық қорғау органдары емес, министрліктің ішкі шығармашылық комиссиясы жүргізеді. Егер туындыда заңға қайшы элементтер болса, режиссёрге сюжетке түзету енгізу туралы ұсыныс жасалады. Бірақ ешкімді жазалау немесе соттау туралы сөз жоқ", — деп түсіндірді ол.

Бұған дейін Қазақстанда құқыққа қайшы контент таратқандарға жауапкершілік енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.