Халықты айыппұлға байлап қойған камералар кімге жұмыс істеп жатыр ?
Бұған дейін Youtube арасында дәл осы бейнекамералар арқылы салынған айыппұлдардың заңсыз екені айтылған еді. Ол кезде заңгер заңдағы олқылықтарды көрсетіп, бұл ақпарат қоғамда кең талқыланған болатын. Халықты айыппұлға байлап қойған камералар кімге жұмыс істеп жатыр? Бейнебақылау нарығы кімнің қолында? Елде қанша камера орнатылған, олардан қазынаға қанша қаржы түседі және бұл жүйе кімдердің иелігінде? Caravan.kz медиа порталының тілшісі іздеп көрді.
Президенттің биылғы Жолдауына дейін Ішкі істер министрлігі «Заң және Тәртіп» қағидаты елімізде қалай іске асып жатқаны туралы есеп беріп үлгерді. Оны жүзеге асырудың басты тетіктерінің бірі – жаппай бейнебақылау орнату. Бүгінгі таңда ел бойынша 19 мыңнан астам камера жасанды интеллектімен жабдықталған. Олар тұлғаларды анықтай алады, егесіз қалып кеткен заттарды тіркеп, көлік қозғалысын талдай алады.
Shishkn like арнасы нарықтағы басты бес ойыншыны анықтып, олардың игерген қаражатын сараптап шығыпты. Соңғы үш жылда көшбасшы компаниялар мемлекеттік келісімшарттар арқылы жалпы сомасы 30 млрд теңгеден астам қаражат алған. Яғни, бұл жүйе өзін-өзі ақтап отыр деген сөз.
Жыл басынан бері камералардың арқасында ұрлық 24%-ға азайған, ал жалпы қылмыс 6%-ға төмендеген.
Жақында орын алған оқиғаны мысалыға келтіре кетейік. Өткен жылы «Сергек» жүйесі Шығыс Қазақстан облысынан кетті. Бас прокуратураның ресми статистикасына сәйкес, былтыр шілдеден биылғы шілдеге дейін өңірде 6,5 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал камералар жұмыс істеп тұрған кезеңде, яғни 2023–2024 жылдары бұл көрсеткіш 3,3 мың оқиғамен шектелген.
Осындай жағдай Қостанай тұрғындарының да басынан өтуі мүмкін. Өйткені мұнда билік «Көркем Телеком» компаниясы арқылы «Сергек» бейнебақылау жүйесін орнатқан, алайда ақысын төлемеген. Енді билік неге екені белгісіз келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады.
Жалпы, жол апаттарының өсуі бүкіл Қазақстанда байқалып отыр. 2025 жылдың алғашқы 8 айында 22,5 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,9%-ға көп. Ол кезде 15,8 мың болған.
Осындай жағдайда жолдарды камералар арқылы бақылауға алу өзекті бола түседі. Төменде осы саланың негізгі ойыншыларымен таныстырамыз.
Ғылыми-өндірістік бірлестік «Перспектива» (Argus «Перекрёсток» бренді)
Мемлекеттік сатып алу көлемі (2023-2025 жж): 15,8 млрд теңге
Өткен жылы компания Қарағанды облысының Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасымен 8,6 млрд теңгеге үш жылдық келісімшарт жасады. Бұл келісім бейнебақылау жүйесі бойынша бұлтты сервистік қызмет көрсетуді қамтиды. Сол жылы компания Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментімен де ұқсас келісімшартқа отырып, тағы 1,4 млрд теңге сомада қызмет көрсетуге келіскен.
2023–2025 жылдары 1,2 млрд теңге салық төлеген.
Компания Владимир Жуков пен Ардақ Атынов есімді екі кәсіпкерге тиесілі. Жуков Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының IT кеңесінің мүшесі болса, Атынов санкциялық режимді бұзуға қатысы бар деп аталған істен белгілі. Ол былтырға дейін литвалық Jurby Water Tech компаниясының еншілесі «JWT KZ» ұйымын басқарған. Литва журналистерінің айтуынша, бұл компания Ресейге қосарлы мақсаттағы тауарлар жеткізуі мүмкін.
«Көркем Телеком» (Sergek бренді)
Мемлекеттік сатып алу көлемі (2023-2025 жж): 9,9 млрд теңге
Көрсетілген кезеңде Алматы қаласы Білім басқармасымен 2023 жылы ең көлемді келісімшарттар жасалған. Мемлекеттік орган аталмыш компаниямен жалпы сомасы 5,7 млрд теңгеге екі үшжылдық келісімшартқа қол қойды. Бұл келісімдерге оңтүстік астанадағы мемлекеттік білім беру мекемелерінің, оның ішінде балабақшалардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтері кіреді.
2023–2025 жылдары 2,2 млрд теңге салық төлеген.
Sergek жобаларының негізгі бенефициарлары Қайрат және Асет Ахметовтар. 2022 жылдың соңында олардың бизнесіне инвестор ретінде кәсіпкер Тимур Турлов қосылды. Оның Sergek жобасындағы үлесі 35% деп хабарланған. Қайрат Ахметовтің айтуынша, Турлов акционер ретінде жеке өзі кірген.
RGM Global Group
Мемлекеттік сатып алу көлемі (2023–2025 жж): 3 млрд теңге
Биыл компания ең ірі келісімін «Астана Innovations» АҚ-пен жасады. Бұл ұйым елордада цифрлық инновациялар мен технологияларды дамытуға жауап береді. Келісім бойынша қаладағы бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және техникалық қолдау көрсетуі тиіс. Келісім құны — 1,1 млрд теңге. 2024 жылы ұқсас келісім 150,3 млн теңгеге жасалған.
2023-2025 жылдары компания 277,7 млн теңге салық төлеген.
Компанияның телефон нөмірі арқылы ол «Cerebro Engineering» ұйымымен байланыстырылған. Бұл компанияның иесі Дамир Муминов. Бәсекелестердің бірі президент әкімшілігіне жолдаған хатында дәл осы Муминовты бірнеше компания арасындағы ықтимал сөз байласудың бастамашысы деп атаған.
InfoData
Мемлекеттік сатып алу көлемі (2023-2025 жж): 1,2 млрд теңге
Компания биылға дейін Шымкент қаласында «Сергек» жүйесінің қызметін қамтамасыз етіп келген. Полиция департаментімен техникалық сүйемелдеу және бағдарламалық қызмет көрсету бойынша келісімшарттар 2022 жылдан бері жалғасып келген, жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеден асқан. Соңғы келісім 2024 жылы бір көзден сатып алу тәсілімен жасалды.
Қазір компания қаржылық қиындыққа тап болып отыр. Биыл салық төлемеген, сонымен қатар 150 млн теңгеге жуық берешегі бар бес атқарушылық іс қозғалған. Осы себепті компанияның шоттары мен көліктеріне тыйым салынған, тіркеу және нотариалдық әрекеттерге шектеу қойылған.
2023-2024 жылдары 311,7 млн теңге салық төлеген.
2021 жылдан бері компанияның жалғыз иесі Расул Шайханов. Ол Руслан Асаубаевтың туған ағасы. Асаубаев 2020-2023 жылдары Алматыдағы «Көркем Телеком» филиалын басқарған, сондай-ақ Smart City және OpenAlmaty жобаларын қадағалаған. Бұған дейін ол «Нұр Отан» (қазіргі Amanat) партиясының IT қызметін басқарған, сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да жетекші қызметтер атқарған.
IT Centre Karaganda
Мемлекеттік сатып алу көлемі (2023-2025 жж): 312,5 млн теңге
Компания биыл Қарағанды облысының Ақпараттандыру басқармасымен 75,3 млн теңгеге келісімшартқа отырды. Бұл жүйе арқылы бейнебақылау деректері полицияның жедел басқару орталығына жіберіледі. Алғашқы осындай келісім өткен жылы жасалған, ол кезде сома 12%-ға аз болған.
2022 жылы компания облыс әкіміне ашық хат жолдап, тендерлерде жиі жеңіске жетіп жүрген «Ақжол 2017» компаниясының қызметін тексеруді сұраған. IT Centre Karaganda «Ақжол 2017»-ні адал емес қатысушы деп тануды талап етіп сотқа жүгінген, бірақ нәтиже шықпады. Десе де, «Ақжол 2017» тендерлерге қазір қатыспайды.
2023-2025 жылдары 44,9 млн теңге салық төлеген.
Компания Елена Азаматоваға тиесілі. Ол 2015 жылдан бері басшылық етеді. Компания «Перспектива» ұйымымен бір мекенжайда тіркелген, әрі он жыл бұрын екі кәсіпорынды да бір адам басқарған. Сол мекенжайда тағы бір ұқсас компания «Мегакам» орналасқан. Соңғы үш жылда оның мемлекеттік сатып алу көлемі 278,4 млн теңгеге жеткен. Қазір «Мегакам» мен «Перспектива» бір басшыға бағынады.