Қазақстан энергетика министрі Ерлан Әккенженов 2025 жылғы 14 қазанда өткен Үкімет отырысында қаңтар-қыркүйек айларындағы отын-энергетика кешенінің жұмыс қорытындысын баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Министрдің айтуынша, есепті кезеңде мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 75,7 млн тоннаны құрады. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,2%.
"2025 жылға жоспар – 96,2 млн тонна. 9 айда мұнай экспорты 60,5 млн тоннаны немесе өткен жылмен салыстырғанда 114,9% көрсетті. Биылғы жылдың жоспары – 70,5 млн тонна", – деді Әккенженов.
Сонымен қатар, газ өндіру көлемі есепті мерзімде 51,6 млрд текше метрге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 116,7% артық. Жылдық жоспар – 62,8 млрд м³.
Есепті кезеңде ішкі тұтыну көлемі 14,3 млрд м³ газды құрап, 2024 жылдың көрсеткішінен 0,4% жоғары болды.
Министрдің мәліметінше, сұйытылған мұнай газының өндірісі – 2,3 млн тонна, бұл өткен жылмен салыстырғанда 101,1%.
"Газ транзитінің көлемі 53 млрд м³ болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,9% артық. Ал мұнай өнімдері өндірісі 11,6 млн тоннаны құрап, 110,1% деңгейінде орындалды. Жыл қорытындысы бойынша 13,7 млн тонна мұнай өнімі өндіріледі деп жоспарланған, бұл 2024 жылғы көрсеткіштің 100,7% болады", – деді ол.
Бұдан бөлек, мұнай-газ химиясы өнімдері өндірісі 477,2 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 115,8% болды. 2025 жылдың жоспары – 589,7 мың тонна.
Айта кетсек, бұған дейін, 9 қыркүйекте, Ерлан Әккенженов елде көмір генерациясын ұлғайту жоспарын жариялаған болатын.