ҚР Бас прокуроры Берік Асылов азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау және азаптауға қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігіне арналған алқа отырысын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Берік Асылов өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында елімізде қылмыстық процесте адам құқықтарын қорғауға қажетті барлық құқықтық негіздердің қалыптасқанын атап өтті.

"Сот ісін жүргізуді цифрландыру бойынша бірқатар шаралар қабылданып, іс жүргізу құжаттарын рәсімдеуде жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Қазір қылмыстық істердің 90 пайыздан астамы электрондық форматта тергеледі. Бұл істермен манипуляция жасауға жол бермей, дәлелдерді жинау процесінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді", – деді Бас прокурор.

Оның айтуынша, соңғы уақытта азаматтарды заңсыз ұстау, тінту және қылмыстық істерді тергеу барысында созбалаңдыққа жол беру фактілері азайған.

"Прокурорлардың қадағалауы барысында қылмыстық қудалау органдарының 3 мыңға жуық іс жүргізу шешімін келісуден бас тартылып, азаматтардың негізсіз түрде қылмыстық процесс орбитасына тартылуына жол берілмеді. Азаптаудың алдын алу, сондай-ақ жеткізу мен ұстау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде", – деп жазды Асылов.

Отырыста бірқатар өңірлерде прокурорлар мен құқық қорғау органдарының IT-технологияларды кеңінен қолдану бағытындағы бірлескен жұмысы оң бағаланды.

"Мысалы, прокурорлар түзету мекемелеріндегі (колониялар, түрмелер) бейнебақылау камераларына тікелей қосылып, азаптау фактілерін дер кезінде анықтай алады. Полиция ғимараттарына бет-әлпетті тану жүйесі бар камералар орнатылып, үш сағаттан артық ғимаратта болған адамдар анықталады. Сонымен қатар азаматтар өз құқықтары және кезекші прокурорлардың байланыс деректері туралы ақпаратты алу үшін QR-кодтар орналастырылған", – деді ол.

Сондай-ақ террористік тұрғыдан осал нысандар мен халық көп жиналатын орындарда криминогендік ахуалды талдауға арналған "ақылды" камералар орнатылған.

Берік Асыловтың айтуынша, прокуратура қызметінің басты басымдықтары – адам құқықтарын қорғау, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру және "Заң мен тәртіп" идеологиясын ілгерілету болып табылады.