Өңір басшысы Берік Уәли аты аңызға айналған таеквондо шебері, қазақтың батыр ұлы Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрікпен кездесті. Кездесуге түркиялық және отандық кәсіпкерлер Омар Тәйжі мен Қайша Керей қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бүгінде Германияның Мюнхен қаласында тұратын Неслихан ата-бабаларының туып-өскен жері Абай облысына арнайы келген екен.
Кездесу барысында Мұстафа Өзтүрік есімін ұлықтау, оның өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау жайы сөз болды.
«Мен Германияда туып-өстім. Абай еліне, Семей қаласына алғаш рет келіп отырмын. Құрмет көрсетіп, жылы қабылдағандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Ата-бабаларымның туған жеріне келіп, ерекше сезімді бастан кешіп отырмын», – деді Неслихан Өзтүрік.
Аймақ басшысы Мұстафа Өзтүрік есімін Абай облысында дәріптеу бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Мұстафа Өзтүрікті еліміз жақсы біледі, бәріміз мақтан тұтамыз. Ол кісі тәуелсіздік жылдары елге жиі келіп, халқымен етене араласқан, үлкен құрмет пен қошеметке бөленген тұлға. 1994 жылы Мақаншы ауданына арнайы келіп қайтқан еді. Батыр ағамыз келгенде елдің ықыласы, пейілі ерекше болды. Абай облысында Мұстафа Өзтүріктің есімін насихаттауға байланысты ұсыныстарыңызды қарастырып, қолдау білдіруге дайынбыз», – деді аймақ басшысы.