14 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға, соның ішінде Парламентті жаңғырту бастамасына қатысты өз ұстанымын білдірді.

Президенттің айтуынша, Парламентті реформалау – елдің мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.

"Парламенттік реформа "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласына толық сай келеді. Бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым. Түптеп келгенде, бұл реформалар елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды", – деді Президент.

Мемлекет басшысы қоғамда туындаған кейбір түсінбеушіліктерге де тоқталып өтті.

"Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Негізгі мақсат – өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғырту. Осылайша азаматтардың мүддесін қорғайтын және олардың үнін жеткізетін заң шығарушы орган жаңа сипатқа ие болады", – деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, алдағы реформалар елдің цифрландыру және технологиялық даму бағытымен үйлесім табады.

"Қазір әлемде цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертуде. Бірқатар елде "электрондық парламент" элементтері енгізіле бастады. Бұл азаматтарды саяси өмірге тартудың және заң шығару үдерісін тиімді етудің жаңа тәсілі", – деді Мемлекет басшысы.

Ол Қазақстан да бұл бағыттан қалыс қалмауы керектігін айтып, болашақта e-Parlament жүйесі e-Gov сияқты кеңінен қолданылатын құралға айналатынын жеткізді.

"Бір палаталы Парламентке көшу – жұмыстың жаңа ырғағына және шешім қабылдаудың жеделдеуіне жол ашады. Заман талабына сай, заң қабылдау ісінде қателікке жол бермеуіміз керек", – деп түйіндеді Президент.