14-21 қазан аралығында бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ағайынды боксшылар Айбек пен Нұрбек Оралбайлардың жеке бапкері Асқар Еркебаев “Pluste Bol” You Tube арнасына берген сұхбатында мәлімдеме жасады. Оның айтуынша бүгін, яғни 14 қазанда басталатын ел біріншілігіне Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай қатыспайды.
“Нұрбек Оралбай өзімнің жеке шәкіртім, жарақатына байланысты Қазақстан чемпионатына қатыспайды. Бірақ оның салмағы, 80 келі салмақ дәрежесінде бәсеке Қазақстанда да, әлемде де мықты. Жастар арасында Санжарәлі Бегалиев бар, 75 келіден Диас Молжігітов көтеріліп жатыр, Ерасыл Жақыпбеков бар. Сондықтан 80 келіден өте тартысты жекпе-жектер күтудеміз. Егер әлемдік деңгейде алтынға деген үмітіміз дар спортшылар болса, міндетті түрде олардың салмаған коррекция жасау керек. Өйткені, біреуі ғана барып, нәтиже көрсетіп, ал екіншісі қалып қалғаны дұрыс емес. Бізде Айбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбай бірнеше жыл бір салмақта жүрді. Біз Айбектің салмағын көтеріп, екеуіне де мүмкіндік бердік. Алдағы Лос-Анджелес Олимпиадасында көреміз. Мүмкін, жас буыннан мықты боксшылар шығып қала ма. Немесе Сағындық Тоғамбай мен Айбек Оралбай өзінің мықты екенін дәлелдеп, алтын медаль алып келіп, бәрімізді қуантса деген үмітіміз бар” — дейді ол .
Сондай-ақ, Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы ел біріншілігінің маңыздылығын да атап өтті.
“Қазақстан чемпионатында бәрімізді өте сапалы, көрікті жекпе-жектер күтіп отыр. Ел біріншілігі әр аймақта өткені дұрыс. Сол арқылы бокс насихаттады. Бокс халықтың сүйікті спорты болғаннан кейін бәрі өз көзімен көргісі келеді. Абай облысы дарынды жандардың өңірі ғой. Сондықтан да ол жерден мықты спортшылардың шығатынына 100% сенемін. Осы жарыс ықпал етіп, Абай облысынан мықты, топ жаратын, Қазақстан намысын әлемдік деңгейде қорғайтын азаматтар шықсын”, — дейді ол.
Еске сала кетейік, Нұрбек Оралбай қыркүйек айында Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатын медальсіз аяқтаған еді. Ол 1/4 финалда Жавохир Уматалиевтен (Өзбекстан) жеңіліп қалды.