Енді техникалық қолдау, құрамдас жаңартулар және қауіпсіздік жаңартулары қамтамасыз етілмейді.
Microsoft корпорациясы бүкіл әлем бойынша Windows 10 операциялық жүйесін қолдауды тоқтатты. Бұл туралы компанияның ресми сайты жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ресми мәлімдемеде бұл операциялық жүйені қолдау 14 қазан күні аяқталатыны айтылды.
"Енді техникалық қолдау, құрамдас жаңартулар және қауіпсіздік жаңартулары қамтамасыз етілмейді. Егер сізде Windows 10 жүйесі орнатылған құрылғылар бар болса, оларды заманауи, қауіпсіз және тиімділік үшін Windows 11 жүйесіне жаңартуды ұсынамыз", – деп атап өтті компания өкілдері.
Microsoft бұл операциялық жүйеге қолдау көрсетудің аяқталу күнін Windows 11 шығарылымына дейін 2021 жылдың маусымында белгілеген болатын. Windows 10 операциялық жүйесі 2015 жылы шығарылды.
Компания пайдаланушыларға жүйені Windows 11-ге жаңартуды қатаң түрде ұсынады. Өйткені ескірген операциялық жүйе пайдалану кезінде қауіп төндіреді.
Windows 10-ға қолдау көрсету аяқталғанына қарамастан, пайдаланушылар бір жыл ішінде жаңартуларды ала алады. Ол үшін тұтынушылар операциялық жүйеге Microsoft есептік жазбасын пайдаланып кіруі керек.