Алматыда 1983 жылы пайдалануға берілген жылу трассасын ауыстыру үшін Марков көшесінің бір бөлігі бір түнге жабылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"27 мамыр сағат 21:00-ден бастап 28 мамыр сағат 07:00-ге дейін Алматы қаласы Бостандық ауданында Марков көшесінің бойымен Бұқар Жырау бульварынан бастап Пожарский көшесіне дейін екі бағытта да автокөлік қозғалысы шектеледі.
Уақытша шектеулер көрсетілген көше сегментінде магистральдық құбыржол учаскесін жаңғырту бойынша жоспарланған жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіледі. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз", — делінген хабарламада.

Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, биылғы жазда Бостандық ауданында Габдуллин – Хамит Ерғалиев, Жағалау маңы – Бұқар Жырау – Байтұрсынов көшелерінің контурында орналасқан, жалпы ұзақтығы 2,7 километрді құрайтын, 1983 жылы пайдалануға берілген құбыржолды жаңғырту жоспарланып отыр.
Жаңғырту жұмыстарын жүргізу кезінде тұтынушыларға ыстық су беру үзілмейді.