Экология министрлігі Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Көлсай көліне түскен сәті бейнеленген видеоға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, БАҚ пен әлеуметтік желілерде Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Алматы облысындағы "Көлсай көлдері" ұлттық паркінде шомылып жүрген сәті түсірілген бейнежазба жарияланған.
Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, Көлсай-2 көлінің маңында шомылуға тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері болмағаны анықталған.
"Сол себепті бұл әрекетте құқық бұзушылық белгілері жоқ. Кездейсоқ болған жағдай аумақтың экологиялық тұрақтылығына әсер етпеген.
Аталмыш оқиға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережелері туралы туристерді жүйелі түрде хабардар етудің маңыздылығын көрсетті. Бұл өз кезегінде Қазақстанның бірегей табиғатын сақтауға, сондай-ақ елдің эко және жауапты туризм бағытындағы тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Павел Дуровтың 10 миллионнан астам жазылушысы бар жеке парақшасында жарияланған бейнематериал имидждік сипатқа ие, Қазақстанның табиғи сұлулығын халықаралық аудиторияға паш етті.
Мұндай ақпараттық қамту елдің туристік әлеуетін жақсартуға қосылған елеулі үлес", — делінген министрлік мәлімдемесінде.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз