Қасым-Жомарт Тоқаев Газа секторында бейбітшілікке қол жеткізген АҚШ президенті Дональд Трампты құттықтады, деп хабарлайды мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампты Газа секторындағы көптен күткен бейбітшілікті орнатуда елеулі дипломатиялық жеңіске жетуімен құттықтады", — делінген Ақорда хабарламасында.
Президенттің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті саяси ерік-жігерінің мықтылығын және халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім орнатуға шынайы ұмтылысын толық таныта білді деп санайды.
Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Газа секторындағы қақтығысты тоқтату және тұтқынға алынған адамдарды босату туралы келісімді қолдайтынын мәлімдеген еді.
Сондай-ақ ол Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған жан-жақты бітімгерлік жоспарын қолдайтынын да айтқан болатын.
Ал бүгін, 13 қазанда Израильге ұшып барған АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы қақтығыстың аяқталғанын мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз