Қала тұрғыны Әсел Сабырбаева бір мезетте 3 сәбидің анасы атанды.

Көпбейінді облыстық ауруханада дүниеге келген кішкентайларға Хадия, Хафиз, Хамза есімдер қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жас ананы Акушерлік бөлім меңгерушісі Арман Ержанова мен акушер-гинеколог Фатима Қосназарова босандырған.

Нәрестелердің туғандағы салмағы қыз бала – 1996 гр, ер бала – 1938, үшінші ер бала 1918 грамм болды.

– Жүктіліктің 35 аптасында мерзімінен бұрын босанды. Нәрестелердің туған кезде жағдайы ауыр болды. Жансақтау бөліміне алынып, 2 күн аппаратта жатты. Өкпелерін дамыту үшін дәрі берілді, – деді Жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімшесінің меңгерушісі Индира Бекжанова.

Үшемнің денсаулығын жақсарту үшін мамандар жоғары сапалы медициналық көмек көрсетті. Қазіргі уақытта нәрестелердің жағдайы тұрақты, анасымен бірге палатада жатыр.

Айта кетейік, аурухананың акушерлік бөлімінде жыл басынан бері 1343 нәресте дүниеге келген. Олардың 537-сі Жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімшесінде қосымша ем алған.