Қыркүйек айында Алматы облысындағы Күрті жерінде мың түйелік керуен ұйымдастырған кәсіпкер Сыдық Дәулетов Гиннестің рекордтар кітабына енді. Жаңа рекордтың тіркелгенін растайтын сертификатты рекордтар кітабының өкілі Ричард-Уильям Стэннинг табыстады.
Англиядан арнайы келген мейман қазақстандық жобаның ерекшелігіне тоқталып, бұл рекордтың жуық арада жаңара қоюы екіталай екенін айтты. «Себебі керуендегі мың түйеге бір адамның иелік етуі бізді ғана емес, дүйім жұртты қатты таңқалдырды», – деді ол.
Ричард Уильям Стэннинг, Гиннестің рекордтар кітабының өкілі:
- Бұл шынымен де өте айрықша жағдай. Өзге елдерде мұндай керуендер әртүрлі адамдардың жануарларынан құралады. Ал Қазақстанда өткен керуенге қатысқан мың түйенің қожайыны бір-ақ адам. Бұл – рекордты шынымен де ерекше әрі бірегей етеді.
Сыдық Дәулетов, кәсіпкер, әлемдік рекорд иегері:
- Бұл іс-шара еліміз үшін, Қазақстан үшін істеліп жатқан нәрсе. Себебі бұл керуен дегенді сонау жүз жылдай ел, халық көрмеген, сағынып қалған. Халық жақсы қабылдады. Сондықтан біз мұны тоқтатпаймыз. Келесі жылы шұбат фестивалін ұйымдастырамыз деп жатырмыз.