Мемлекет басшысы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президентке Палата қызметі туралы ақпарат берілді. Ерлан Қошанов депутаттар жұмыс барысында Президент жолдауы мен ел дамуы бойынша берген тапсырмаларды заңнамалық тұрғыда уақтылы әрі сапалы қамтамасыз етуге ерекше мән беретінін баяндады.

"Бүгінде 15 заң қабылданып, Сенатқа жолданды. Мәжіліс қарауында 77 заң жобасы бар. Жыл соңына дейін Құрылыс, Цифрлық кодекстер мен Банк қызметі туралы заңды қабылдау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, сайлау, тұтынушылардың құқығын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу секілді заң жобаларына қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Депутаттар жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы заңнамаға түзетулер енгізуге, сондай-ақ, креативті индустрия, ғылыми зерттеу аумақтарын дамыту, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, бағбандық шаруашылық серіктестіктерді мемлекеттік қолдау бойынша заң жобаларына бастамашы болды. Заң шығару жұмысы жұртшылықтың, сарапшылардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жүргізіліп жатыр. Саяси партиялардың фракциялары өз электоратының сұранысына сәйкес ұсыныстарын белсенді түрде енгізіп жатыр. Маңызды заң жобалары қоғамдық палатаның отырыстарында қаралады", — деді Қошанов.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, депутаттар Мемлекет басшысының Жасанды интеллектіге қатысты бастамаларын іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Қыркүйектің соңында Мәжіліс "Жасанды интеллект туралы" заң қабылдап, Сенатқа жолдады. Сонымен қатар, қазақстандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен парламенттік тыңдау өткізілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget