WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы желідегі парақшасында жазба жариялады. Жазбасында боксшы чемпиондыққа қатысты ұстанымы туралы айтқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Нағыз чемпион төрт титулдың бәрін иеленуге ұмтылуы керек! Егер сенде 1-2 ғана белбеу болса демек, салмағыңда басқа да чемпиондар әлі бар деген сөз.
Чемпион ешқандай титулды өзгеге қалдырмай, барлығын жинауға тырысуы керек! Чемпиондық ұстаным осындай болу шарт деп есептеймін!
Әрине әрқашан ондай мүмкіндік бола бермейді. Бірақ барынша осы жолда аянбау керек! Мақсат айқын болса, еңбек сол мақсатқа жетелейді!" — деп жазды боксшы Instagram-дағы парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 5 сәуірде Астанада өткен кәсіпқой бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені жеңіп, екі бірдей чемпиондық атағын (IBF және WBO нұсқасы бойынша) қорғап қалған еді.
Белгілі спорт журналисі Дэн Рафаэльге сілтеме жасаған 1bol.kz порталының жазуынша, Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі биыл 6 желтоқсанда кубалық Эрисланди Лараға қарасы өтуі мүмкін.
Кездесу АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласындағы Frost Bank Center аренасында өтуі ықтимал.
Бұл кеш орта салмақтағы WBO, IBF және WBA тұжырымдары бойынша әлем чемпиондық белбеулері сарапқа салынатын ерекше оқиға болмақ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз