Қазақстанда алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынудың алдын алу және мас күйінде жасалатын қылмыстар санын азайту мақсатында Ішкі істер министрлігі кафе мен мейрамханаларда спирттік ішімдік сату уақытын шектеуді ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов үкімет сағаты барысында айтты. Оның мәліметінше, елімізде жыл сайын 10 мыңға жуық қылмыс алкогольдік мас күйінде жасалады.
"Пайда табу мақсатында кейбір кәсіпкерлер жас және уақыт бойынша шектеулерді бұзады. Кафе мен бар атауымен тәулік бойы алкоголь сатады, онлайн-доставка да кеңінен қолданылуда. Ал лицензиядан айыру шарасы тиімсіз, себебі оны келесі күні басқа тұлғаның атына қайта алуға болады", – деді министр.
ІІМ алкоголь өнімдерінің бөлшек саудасын тек арнайы дүкендерде – "алкомаркеттерде" жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ лицензия беру талаптарын қатаңдату, олардың санын шектеу және онлайн сауданы тыйым салу жөнінде ұсыныс енгізілді.
"Сонымен қатар көңіл көтеру орындарында спирттік ішімдік сату уақытын шектеу қажеттілігі туындап отыр. Дәл осындай орындарда мас күйінде 1 400-ден астам қылмыс тіркелген, оның ішінде үш адам өлтіру фактісі бар. Сондықтан басты мақсат – азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын қорғау", – деп атап өтті Ержан Саденов.
Министрліктің тағы бір бастамасы – есірткі мен алкогольге тәуелді адамдарға арналған арнайы емдеу орталықтарының санын көбейту. Қазір елде мұндай 20 орталық бар, қосымша 14 нысан ашу қажет.
"Мәжбүрлі емдеуге жіберу рәсімі тым бюрократиялық. Сондықтан "бір терезе" қағидаты бойынша комиссия құрып, медициналық емдеу әдістемелерін қайта қарау ұсынылады. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі мәжбүрлі емес, ерікті емдеуге көшу мәселесін пысықтап жатыр", – деді Саденов.
Айта кетсек, бұған дейін, 25 қыркүйекте Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай түнгі клубтар қызметін бақылау тетіктерін қайта қарауды ұсынған болатын.