EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесі өз жұмысын аяқтады. Қатысушы елдер үшін басты шара 12 қазанда өтті. Сол күні өткен EXPO Awards марапаттау рәсімінде көрме қорытындыланып, Қазақстан павильоны «С» санатындағы шағын павильондар арасында Theme Development – «Көрменің тақырыбын ашу» негізгі номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл санатқа 90-нан астам ел кірді. Қазақстан экспозициясы EXPO 2025 Osaka тақырыбын өзіндік әрі мазмұнды түрде ашқаны үшін жоғары бағаланды.

Көрме ашылған сәттен бастап қазақстандық павильон тек жапондар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер арасында да зор танымалдыққа ие болды.

Қазақстанның мәдениеті, дәстүрі, тарихы, инвестициялық, экономикалық және инновациялық дамуы, сондай-ақ цифрландыру, технология және тұрақты даму салаларындағы жетістіктері туралы мазмұнды әрі қызықты материалдар ұсынылған павильонға жапон және халықаралық БАҚ ерекше назар аударып, бірқатар жарияланымдар арнады.

Көрме бойы павильон ынтымақтастық пен идея алмасудың алаңына айналып, елдің әлемдік қауымдастықтағы жауапты әрі ашық серіктес ретіндегі беделін нығайтты. Көрме аясында павильонда 9 іскерлік және мәдени шара өткізілді.

Ең ауқымды оқиғалардың бірі – 10 тамызда ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған Қазақстанның ұлттық күні болды. Сол күні Жапониядағы EXPO National Day Hall сахнасында Қазақстан Республикасының туы көтерілді. Сонымен қатар, ұлттық күн аясында шамамен үш мың көрермен қатысқан үлкен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

Көрме кезеңінде «Өмірді біріктіру» кластерінде орналасқан Қазақстан павильонын шамамен 1,5 миллион адам тамашалады. Олардың арасында ресми делегация өкілдері, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық, бизнес, медиа және шығармашылық топтар болды.

Павильон үшін ерекше сәт – Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Димитрий Керкентзестің ресми сапары болды. Ол павильонның ұйымдастырылу деңгейін, мазмұнын және құрылымының жүйелілігін жоғары бағалады.

13 сәуір мен 13 қазан аралығында өткен EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесіне 160 ел мен 9 халықаралық ұйым қатысты. Жалпы келушілер саны 28 миллион адамға жуық болды. Алты ай бойы Юмешима аралындағы көрме алаңы «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру» тақырыбындағы жаһандық диалогтың орталығына айналды.