Міндетін жүйелі орындамайтын 6400 ата-ана есепке тұр.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін қандай жұмыстар қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жасөспірімдер қылмысының алдын алуы қамтамасыз етілуде. Ашық айтайық, бұл салада проблема аз емес. Биылдың өзінде 1600 қылмыс тіркелді. Көбісі – ұрлық, бұзақылық, тонау, есірткі қылмыстары. Басты себеп – ата-ана бақылауы жоқ. Түнде бақылаусыз жүрген балалар үшін 107 мың ата-ана, 1900 ойын-сауық мекеме иесі жазаланды. 4200 қараусыз бала бейімдеу орталығына жеткізілді. Сондай-ақ 5 100 бала және міндетін жүйелі орындамайтын 6400 ата-ана есепке тұр", – деді министр Үкімет сағатында.

Мектептерге ювеналдық полиция, учаскелік және жедел қызметкерлер бекітілген.

"Құрдастарына теріс әсер ететін 1800 бейресми "көшбасшы" анықталды. Олармен жұмыс барысында қорқытып ақша алудың 59 фактісін анықтап, жолын кестік. Өткен жылғы түзетулер аясында – буллинг үшін 256 құқық бұзушы жауапқа тартылды", – деді Ержан Сәденов.

Айта кету керек, бұған дейін егемендік алғаннан бері қылмыс саны екі есеге төмендегенін жазғанбыз. Кейбір қылмыс түрлері үшін жаза айтарлықтай күшейген.