Сарапшылардың пікірінше бүгінгі матчтың басты фавориті — Солтүстік Македония.
Бүгін, 13 қазаннан 14 қазанға қараған түні Скопьеде футбол жанкүйерлерін қызу тартыс күтіп тұр. Солтүстік Македония мен Қазақстан құрамалары 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында кездеспек. Бұл ойын екі команда үшін де маусымның маңызды сәттерінің бірі болғалы тұр.
Алты ойыннан кейін Қазақстан құрамасы 6 ұпаймен J тобында төртінші орында келеді. Алдыңғы турда қазақстандықтар өз алаңында Лихтенштейнді 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, өз ойын ырғағын қайта тапқандай болды. Айта кетсек, біздің футболшылар бұл іріктеудегі алғашқы жеңісін де дәл осы қарсыласқа қарсы (2:0 сырт алаңда) тіркеген еді.
Енді қарсылас мүлде басқа деңгейде. Балқандық команда алты матчта 12 ұпай жинап, топ көшін бастап тұр. Соңғы ойында македондықтар күтпеген нәтиже көрсетіп, сырт алаңда Бельгия құрамасымен 0:0 есебімен тең түсті. Бұл олардың жоғары дайындық деңгейін көрсетеді.
Қазақстан құрамасы үшін Скопьедегі кездесу турнирлік жағдайды өзгертуге берілген мүмкіндік. Талғат Байсуфинов шәкірттері соңғы уақытта ойын қарқынын арттырып, шабуылда өзара түсіністік тауып келеді. Команда құрамында тәжірибелі ойыншылармен қатар, жас буын өкілдері де жарқырай бастаған.
Бүгінгі ойын ұлттық құраманың мінезін, төзімділігін және жеңіске деген жігерін сынайтын нағыз емтихан болмақ.
Солтүстік Македония — Қазақстан матчының тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 23:45-те басталады.
Айта кетейік, бүгінгі матчқа командамыздың көшбасшы ойыншыларының бірі, жартылай қорғаушы Рамазан Оразов қатыса алмайтын болды. Ол жаттығу барысында жарақат алған екен. Оның орнына Дамир Касабулат шығуы мүмкін.